25 тамыз 2025

Қиындықсыз әрі мінсіз

Біз «Бахус» зауытына экскурсия барысында сирек кездесетін мамандық иесі әрі шебер Александр Ромаховпен таныстық. Оның жұмыс үстелінде әр құрал рет-ретімен орналастырылған, шеберхананың бір бұрышында бос бөшкелердің үйіндісі бар. Жұмыс орнына жақын жерде — металл шентемірлер, бөлшектелген бекіткіштердің иілген доғалары, сондай-ақ бөлшектелген бөшкелердің дөңгелек түбі мен қақпақтары, ал жаңадан келген адамға олардың бір-бірінен айырмашылығын анықтау қиын.


фото Юрий Беккер

—  Зауытқа мен жас кезімнен бастап келдім, сол кезде мұнда шебер-бондар ретінде Иван Инюшкин жұмыс істейтін, — деп еске алады Александр Ромахов. — Ол өзі қолмен зауыт қажеттілігіне алғашқы бөшкелерді жинаған. Бийскіден, сонда оқыған. Бірақ менингитпен ауырып, Алматыға көшіп келген. Ауырғаннан кейін оның сөйлеу және есту қабілеттерінде қиындықтар басталды, мен болса, оның аудармашысы сияқты болдым. Бірте-бірте бір-бірімізді түсініп, оның не айтпақ болғанын мен ең жақсы түсінетін болдым. Ол — шын мәнінде Құдайдың сыйлаған шебері еді! Ол бошкелер р қатарымен бірінен соң біріне жүріп өтіп, біреуінің жанында тоқтап, тыңдап, жеңіл соққылар береді. Қолы арқылы маған белгі береді: «Технологты шақыр, ағызып аламыз” дейді. Шынында да, ағызып көргенде, сол бөшкелердің көлемі рұқсат етілген шектен аз болып шықты.

Күшті маркалық ішімдіктер өндірісінде «періштелер үлесі" деп аталатын ұғым бар: бөшкеге құйылған шикізаттың 4−7 пайызы жыл сайын табиғи жолмен буланып кетеді. Бұл — қайтарылмайтын шығын, алайда дәл осы процесс емен бөшкесінде ең жоғары сапаға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл сапаға заманауи технологиялармен, табиғи булану әлдеқайда аз болатын жағдайда, қол жеткізу өте қиын. Емен бөшкесі қаншалықты тығыз болғанымен, ол микрокеуекті құрылымнан тұрады. Дәл осы микрокеуектер арқылы ішімдіктегі ұшпа жоғары спирттер буланып шығып, іште ең құндысы қалады. Ол өз кезегінде емен бекіткішіндегі таниндер илік заттектермен әрекеттесіп, өнімді теңдессіз сапаға жеткізеді.

— Егер бөшкеден айқын ағып кету байқалса немесе ол жай ғана «терлей» бастаса — демек, бір ақау бар деген сөз. Уақыт өте келе бөшкенің жоғарғы бөлігі булану салдарынан ішіндегі сұйықтықпен байланысын жоғалтады да, соның әсерінен кеуіп кетуі мүмкін. Егер бұған дер кезінде көңіл бөлінбесе, шығындар бірнеше есе артуы мүмкін. Бөшкеде жетілдірудің рентабельдігі онсыз да төмен, кейде тіпті теріс деуге болады, ал уақыт пен күшті өте көп талап етеді. Сондықтан әр бөшкені күн сайын жеке-жеке бақылап отыру қажет. Бірнәрсе дұрыс болмаса — бірден жөндеуге кірісу қажет. Алғашында шебердің бөшкеде бір ақау барын қалай сезетіні түсініксіз көрінетін. Бірақ уақыт өте келе өзің де шеберлікті меңгеріп, тәжірибе мен түсінік келе бастайды.
Инюшкин зауытта 85 жасына дейін жұмыс істеді. Бірде ол бір мерекеге келді, кеудесінде — ордендер! Сөйтсек, ол Кеңес Одағы кезінде Еңбек Ері атағын алған екен — мұны ешкім білмеген, өйткені өзі сондай қарапайым адам болған.
Александр Ромаховтың өзі қазір шебер атанып, зауыттағы аса құрметті қызметкерлердің біріне айналды. Ол өзінің сирек кездесетін, бірақ сұранысқа ие мамандығын шәкірттерге үйретіп келеді.Қазақстанда өндірістік мақсаттағы бөшкелер жасалмайды, бірақ бұл білікті шеберлердің жоқтығынан емес. Ірі өндіріс үшін арнайы іріктелген ағаш қажет, ал ондай ағаш біздің елімізде өспейді.

— Бөшке жасауға арналған еменді араламайды, оны жарады, — деп түсіндіреді шебер. — Бұл ретте ағаштың жасы кем дегенде 50 жыл болуы керек. Оның да түгел діңі емес, белгілі бір бөлігі ғана алынады. Кейде маған келіп: «Маған бөшке жасап берші", — дейді. Сосын түсіндіре бастайсың: ол үшін не керек екенін. Бір текше метр сапалы ағаш 3−5 мың доллар тұрады, ал соның бәрі бөшке жасауға жарайды деген де кепіл жоқ. Бір жерінде бұтақ, бір жерінде ағаштың текстурасы дұрыс емес… Сонда не болады? Сонша ақша тек пешке от жағуға ғана жарай ма?..

Классикалық технология бойынша өнім өндіретін зауыт үшін мұндай шебердің болуы — сөзсіз қажеттілік. Кәсіпорын жаңа бөшкелерді сатып алған күннің өзінде, оларды арнайы тәсілмен дайындауға тура келеді, ал кейбірін тіпті толық қайта құрастыру қажет болады. Тасымалдау кезінде түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін, ал ағаш ыдыс үшін ылғалдылық пен сақтау жағдайларының сәл ғана өзгеруі - үлкен мәселелерге әкелуі ықтимал.

Зауытта ондаған жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан бөшкелер тек дұрыс күтімді ғана емес, сонымен қатар күрделі жөндеуді де қажет етеді. Бірнеше жыл сайын әрбір бөшке толықтай бөлшектеліп, ішіндегі жұқа ескі қабаты алынып тасталады, қайта жиналады, күйдіріледі де, қайтадан жұмысқа жіберіледі.

Александр Ромахов өзінің мамандығымен мақтанады. Ол тек ағаш өңдеудің барлық нәзік әдістерін меңгеріп қана қоймай, бөшкеге өз жанынан бір үзік бөлшек салады, сол себепті оның еңбегі ондаған жылдар бойы қызмет етеді. Сонымен қатар, зауыттың әртүрлі көрмелерде алған марапаттары мен жүлделері де оның күнделікті әрі оңайға соқпайтын қажырлы еңбегіне байланысты.

Сергей Наговицын